«Edustream» әдіскерлерінің шеберлік сабағы
«Edustream» әдіскерлерінің шеберлік сабағы
Бүгінгі мектеп ұстазы балаға біліммен қатар 21 ғасырдың машығы — коммуникацияшыл, креатившіл, коллаборацияда болуды һәм сыни ойлауды қалыптастыруы тиіс. «Edustream» компаниясы әдіскерлерінің отандық мектеп және колледж мұғалімдеріне ұсынған шеберлік сабағы дәл осы ұстанымнан тұрады.
Түркістан облысында өткен кезекті семинар легі Шымкент, Түркістан, Кентау, Ордабасы, Отырар, Сауран, Бәйдібек, Түлкібас қалаларын қамтыды. Мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ беретін ұстаздарға арналған тақырып «The Importance of motivation in second language acquisition», ал колледж педагогтарынікі «Career Path: get the passport to a promising international career» деп аталды.
Әдіскерлер сондай-ақ француз тілі мен орыс тілі пәні ұстаздарына сабақ оқытудың жаңа тәсілдерін паш етті. Атап айтсақ, классика мен заманауи әдебиетті оқу кезінде эмоциялық интеллектті қалай дамыту қажеттігі үйретілді.
— Біздің ең басты айтпағымыз — оқушының оқуға деген ынтасын арттыру және ұстаздың осы мақсатқа жетуді көздегені маңызды, неге десеңіз өз кәсібіне қызықпаған маман баланы еліктіре алмас, — дейді бас әдіскер Манат Ырғызбаева.
Облыстық білім басқармасындағылар мұндай кәсіби деңгейі жоғары семинарлар мен шығармашылық тұрғыда ұстаздық етуге негізделген шеберлік сабақтар некен саяқ екенін атап өтті. Антон Чеховтың сөзімен айтсақ, ұстаз әртіс, суретші, өз кәсібіне қатты ғашық жан болуы қажет!